«Алматы-Ташкент» пойызы 29 вагоннан құралған және аптасына екі рет: Алматыдан - дүйсенбі, сенбі күндері, Ташкенттен - сейсенбі, жексенбі күндері қатынайтын болады. Жол уақыты - шамамен 16 сағат 30 минут. Жолшыбай Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағаш, Ташкент стансаларына тоқтайды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Ерік Имашев бұл шараның Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының мүддесіне бағытталған екіжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша екі ел басшыларының уағдаластықтарын жүзеге асыруда маңызды екенін баса айтты. Имашев пойыздың кең кузовты «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталғанын атап өтті.
«Қазақстандық және өзбекстандық темір жолшылар халықаралық пойызды жоспарланған уақытта жүруіне барынша күш салды. Жаңа Алматы-Ташкент бағытының ашылуы екі халықты жақындастыруға жасалған маңызды қадамдардың бірі болып табылады», - деді Имашев.
Алматыдан Ташкентке бару құны: люкс - 13 036 теңге, бизнес - 11 077 теңге, купе - 9 342 теңге және отыратын орындар - 4 228 теңге.