Алматы - тәуелсіздіктің алтын бесігі

None
АЛМАТЫ. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы - бұл біздің тәуелсіздігіміз қанат қаққан және Қазақстанды бүкіл әлемдік қауымдастыққа танымал еткен ұя. Жексенбі күні «Apple Fest» фестивалінде қала жұртшылығын мерекемен құттықтаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осылай деді.

«Баршаңызды ерекше де, қайталанбас, әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі болып табылатын Алматының туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы Алматының төл мерекесі тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында өтіп жатыр. Елбасымыз айтқандай, «Алматы - қазақ мемлекетінің алтын бесігі». Егемендіктің 20 жылдығына қаламыздың қоғамдық саяси әлеуметтік-экономикалық жалпы барлық салаларда жеткен табыстары толайым. Алматы ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, индустриялық-инновациялық қызмет көрсетуді жоғарғы технологиялық жетілдірудің және спорт пен туризмнің ірі орталығына айналды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатының өсуінде Алматы әрқашан да маңызды рөл атқарады. Сондықтан да, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Алматыға деген зор қамқорлығымен қатар, оған қатысты үлкен талабы да бар. Ел игілігі мен қаланың көркеюіне әркез белсенді араласатын еңбекқор да, ұйымшыл, ынтымағы мен бірлігі жарасқан алматылықтардың бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының арқасында біз атап айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отырмыз. Оны Алматыда өткен жиында Елбасы да атап көрсеткен болатын», -деді қала әкімі Ахметжан Есімов.

Сонымен қатар ол: «Ортақ шаруамызды, жемісті нәтижелерді қала жұртшылығынан, тұрмыс тіршілігінің жыл сайын дамып, көркейіп келе жатқан қала келбетінен айқын байқауға болады. Әрине, Алматының бай да, әсем, табиғаты мен әлеуеті, еңбек ресурстары бізге бұдан да жоғары міндеттер жүктейді. Елбасының да, қазіргі заманның да бізге қойып отырған кезекті міндеті Алматыны жаңа инновациялық технологияға негізделген, адам интеллектісі басты капитал болып табылатын постиндустриалдық қауымдастықтың қатарына іліктіру. Бұл - үлкен мақсат. Әрбір алматылықтың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Оған жетуге біздің қалада барлық алғышарттар бар. Бүгінгі мерекелік сәтте баршаңызды Қала күнімен құттықтаймын! Сүйікті шаһарымызда береке-бірлік нығайып, тұрақтылықтың өркендеуінің үлігісіне айналған құт-мекеннің абыройы арта берсін! Қала жұртшылығына мықты денсаулық, бақытты өмір, ынтымақ пен бақ-береке тілеймін!», - деді.