Алматы тауларында қар көшкіні қаупі сақталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 23-28 желтоқсан аралығында Алматы облысы тауларында көшкін қаупі сақталады. Төтенше жағдай департаменті тұрғындардың тауға бармауын өтінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тауға шыққан туристер мен демалушылар қар көшкінін тудыруы мүмкін. Сондықтан осы бес күнде қарлы беткейлерге бармаған жөн.

Барған күнде таулы жерде бүкіл қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек.

Алматы облысының аумағындағы Іле Алатауы тау жотасының оңтүстік беткейінде Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында 48 учаскеде көшкін қаупі бар.

Негізінен қар көшкіні температура жоғарылағанда және жаңбыр мен қар мол жауғанда түсуі мүмкін.

Таулы аймақтағы қар көшкіні - аса қауіпті табиғи құбылыс. Қар көшкінінің максималды жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетуі мүмкін.