Алматы тауларында төрт жасөспірім жоғалып кетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тауларына саяхатқа шыққан төрт жасөспірім жоғалып кеткен. Саяхат кезінде бір қыздың жағдайы нашарлап, балалар өз бетімен қалаға орала алмаған.

ҚР ІІМ ТЖ Комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 шілде күні 17 жастағы төрт жасөспірім Медеу спорт кешеніне кетіп, таулар арасында жоғалып кеткен.

«16:05-те республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші диспетчерлік бөліміне жоғалған қыздың әжесінен хабарлама келіп түседі. Оның немересі достарымен бірге Медеуге кеткен, балалардың бірінші қателігі - ешкімге ескертпей жүру бағыттарын өзгертуі болды», - деп хабарлады мекеме.

Жас туристер Көкжайлау аумағына бет алған, бірақ қыздардың біріне күн өтіп, жағдайы нашарлаған. Балалардың екінші қателігі - қауіпсіздік ережелерін сақтамауы.

«Қыздың ауыр жағдайынан балалар тау етегіне түсе алмаған, құтқарушыларға да қай жақтан тауға көтерілгенін айта алмай, адасып кеткендерін мойындады», - дейді ТЖ комитеті қызметкерлері.

16:10-да ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің командирі Бауыржан Арыстанбаевтың басшылығымен балаларды іздеуге аттанды.

17:10-да балалар табылды. Құтқарушылар балаларды таудан түсіріп, қалаға әкеліп, жедел медициналық көмек бригадасына табыстады.

Тау арасында бастан күн өтіп кетпеу үшін міндетті түрде бас киім кию керек және сұйықтықты көп ішу керек. Спиртті ішімдіктерден бас тартқан жөн. Егер әлсіздік, бас айналуды сезсеңіз, жүрегіңіз жиі соқса, көлеңкеге барып, жедел жәрдем қызметін шақыру керек», - деп атап өтті ТЖ Комитеті.