Almaty Towers-тегі өртке байланысты KASE жұмысын резервтік орталықтан жүргізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Almaty Towers бизнес-орталығындағы өртке байланысты KASE сауда жүйелерін басқару резервтік орталықтан жүзеге асырылады деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қазақстан қор биржасының (KASE) офисі орналасқан Almaty Towers бизнес-орталығының өртенуіне байланысты штаттан тыс оқиғаның туындауына қатысты KASE сауда және ақпараттық жүйелерін басқару 2016 жылғы 7 қарашада резервтік орталықтан жүзеге асырылатынын хабарлайды. Сауда-саттықты, клирингті және есеп айырысуларды жүргізу белгіленген регламентке сәйкес штаттық режімде жоспарланып отыр», делінген хабарламада. 

Еске сала кетсек, кеше кешке Алматыда Бостандық ауданындағы Байзақов көшесінің бойындағы кезде 6 қабатты Almaty Tower» бизнес орталығының шатыры өртенді.

Өртті сөндіру кезінде 80 адам эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері қолға алған шаралардың арқасында өрт сағат 20-30-да ауыздықталып, 20-36-да сөндірілді. Жалын шарпыған аймақ 1800 шаршы метрді құрады. Өртті сөндіруге 150 жеке құрам мүшесі мен 34 техника қатысты. Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері оқиға орнына жеткенше, 1962 жылы туған азамат ауа жетпей, иіс газынан уланып мерт болды.

Алматы полициясы ІІД хабарлауынша, адам өліміне әкеп соққан бизнес-орталықтағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде.