Алматы тұрғындары кәріз жүйесіне 71 млн. теңге берешек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғындары кәріз жүйесіне 71 млн., ауыз суға 121 млн. теңге қарыз.

Бұл туралы «Бастау» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Серік Шагиров мәлім етті. Оның мәлімдеуінше, қалада коммуналды қызмет ақысын 3 жыл бойы төлемеген тұтынушылар да бар.

Алайда, соңғы уақытта берешек тұтынушылармен күресте әр пәтерді локалды ажырату тәсілі өз жемісін беріп келеді.

Қазіргі таңда Алматы қаласының барлық аудандарында мобильді құралдармен жабдықталған бірнеше арнайы бригада осы қызметпен айналысуда.

Тәжірибе көрсеткендей, бұл әдіс борышкер тұтынушыларды қарызын тезірек төлеуге мәжбүрлейді. Мамандардың айтуынша, 100 жағдайдың 98-інде тұтынушылар қордаланып қалған қарызын үш күннің ішінде өтейді.

Ол үшін бригада қызметкерлері пәтердің ішіне кірмей-ақ камерамен басқарылатын арнайы құралмен кәріз құбырына бөгет орнатады. Бұдан кейін тұтынушы кәріз қызметін пайдалана алмайды.

«Күніне ондаған берешек тұтынушыларды су мен кәріз жүйесінен ажыратып отырмыз. Жыл басынан бері екі жүздей ажырату тіркелді. Былтыр 1653 пәтер ажыратылып, нәтижесінде жылдар бойы қордаланған қарыздың 77 пайызы өтелді. Мекеме бюджетіне 21 млн. теңге түсім түсті», - деп қорытындылады Серік Шагиров.