Қоштасу кезінде Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айтып жолдаған жеделхатын оқып берді. Онда: "Халқымыздың аяулы перзенті, дәулескер күйші әрі композитор Қаршыға Ахмедияровтың өмірден озғанын естіп отырмын. Қаршыға Ахмедияров марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына, аса ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Ол кісінің халқымыздың киелі күй өнерін насихаттаудағы орны да, еңбегі де орасан еді. Күй құдіретінің барлық нәзік иірімдерін жайып салатын орындаушылық шеберлігі әрдайым тыңдаушысын қайран қалдырып, жаныңа ерекше шуақ сыйлайтын. Оның сымбатты тұлғасында таңғажайып өнер мен адамгершілік қасиеттер қабат қабысып жататын. Елі бар да, халқы бар да, Қаршыға Ахмедияровтың есімі мен еңбегі, қалыптастырған мектебі, қалдырған мұрасы ұмытылмайды деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, жаны жаннатта болғай. Алдағы күндеріңізге амандық пен жақсылықтар тілеймін", делінген.
Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, бүгін бір әулеттің, бір отбасының, бір мәдениеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының ауыр қазасы. "Бүгін Қаршыға Ахмедияровпен бірге қазақтың дәстүрлі күй өнерінің, тұтас бір дәуірін бірге шығарып салғалы отырмыз. Қазақтың мың жылдық дәстүрлі күй өнерін ХХ-ғасырдың басында ардақты Ахмет Жұбанов жүйелеп, қолмен қойғандай, тасқа басқандай ғып қалдырып еді. Содан кейінгі кезеңде Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев сияқты ұлы күйшілер бұл өнерді ұлы биікке көтерді. Қаршыға Ахмедияров сол алыптардың соңы еді. Ұлылардың ұлағатын алған өзі де - ұлылық дәрежесіне көтерілген, қазақтың ұлы мәдениет қайраткері", деп атап өтті Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамед.
Мемлекет қайраткері, композитор, халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің айтуынша, бүгін екі ішекті домбыраның бір ішегі үзіліп түскен күн. "Бүгін қазақтың өнері үшін орны толмас қайғы, ортамыздан бір жұлдыз ағып түсті. Дегенмен, елі бар жерде, талантты жастар бар жерде, өнер ортаймас. Бауырым Қаршыға Ахмедияров төкпе күйдің төресі, шертпе күйдің шебері, қазақ өнерінің тұлпары, 50 жылдан артық қазақ өнерінің жарық жұлдызы болып еді. Дәулескер күйшілер көп, бірақ Қаршығаның жолы басқа», деді ол.
64 жасында дүниеден озған, қазақтың қазынасы - құдыретті күй өнері дүлдүлдерінің біріне айналған домбырашының жамбасы Алматыдағы Кеңсай зиратында жерге тимек.