Алматы тұрғындары «Никольский» базарының қазіргі жағдайына алаңдап отыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылықтар «Никольский» базарының орнына басқа ғимарат салынар болса, құзырлы мекемелер жауап беріп, қоғамдық тыңдауды өткізуді талап етті. Бұл туралы қала белсенділері әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Никольский» базарымен не болды? Базардың орнында не болады? Егер біреу бірдеңе салғысы келсе, жауап пен қоғамдық тыңдаудың өтуін талап етеміз», - деп жазды тұрғындар. Сондай-ақ, желіге базардың қазіргі фотоларын салды.

Аталған мәселе бойынша ҚазАқпарат тілшісі Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына сауал жолдаған еді.

Ведомствоның жауабына сәйкес, Қарасай батыр көшесінің оңтүстік және Байтұрсынов көшесінің шығыс жағында орналасқан жер учаскесі жеке меншікте. Басқарманың электрондық базасының деректері бойынша аталған учаскеде қандай да бір объектіні жобалауға арналған құжаттар меншік иесіне берілмеген.

«ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңының» 13-бабы және «Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларының» 2-тарауының 4-тармағына сәйкес, жобалау алдындағы құжаттаманы алу алдында құрылыс салушы тұрғындармен қоғамдық талқылау өткізуі тиіс екенін атап өтеміз», - делінеді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 28 базар заман талабына сай жаңарғаны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ, қала шетінде алты саябақтың салынатынын және Төле би көшесін ұзарту жұмыстары басталғанын хабарлаған болатынбыз.