Алматы тұрғындарына көктайғаққа байланысты ескерту жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидрометке» сілтеме жасап ауа райына қатысты ескерту жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

15-16 ақпан Алматыда қалың қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болады. Жолда жүру, көру мүмкіндігі қиындайды.

Осыған орай құтқарушылар жүргізушілерге автокөліктерін ағаштардың, электр желілерінің және басқа да ілініп тұрған құрылымдардың астына қоймауға кеңес береді.

Еске салайық, бүгін Солтүстік-батыс циклонына байланысты ҚР территориясының басым бөлігінде қар жауды.

Республика бойынша кей жерлерде тұман, бұрқасын, еліміздің оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және оңтүстік-батысында көктайғақ болады, басым бөлігінде жел күшейеді.