Алматы заңсыз ойын бизнесінің орталығы болып отыр - Қаржы полициясы

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы органдарының статистикасы көрсеткеніндей, Алматы қаласы заңсыз ойын бизнесінің орталығы болып қалып отыр.

    Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифинг барысында ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, 2010 жылдан бастап Алматыда 27 жасырын казино және 150 заңсыз жұмыс істеген ойын залы автоматтары анықталды. «2011 жылы Алматы қаласында Өмірзақов және Пахирдиновпен ұйымдастырылған 7 астыртын ойын залдарының қызметі әшкереленді. Алмалы және Әуезов аудандарында жұмыс істеген бұл заңсыз мекемелерде 156 ойын автоматы, 7 электрондық рулетка және 3,5 млн. теңге алынған. Осы желінің қызметінен алынған заңсыз табыс 1,3 млрд. теңгені құрады. Бұған қоса, 2010 жылы Өмірзақов ойын бизнесімен табылған ақшаға Ақмола облысы аумағынан жер телімін сатып алған», - дейді М. Жұманбай. Оның айтуынша, сот үкімімен Өмірзақов және Пахирдинов заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанына және заңсыз жолмен табылған ақша қаражатын заңдастыру бойынша кінәлі деп танылып, әрбіреуіне 1 млн. 200 мың теңге сомасында айыппұл төлеуге үкім шығарылған.