Алматы жан басына шаққан кірісі жағынан Қазақстан ғана емес, күллі Орталық Азияда алдыңғы орында келе жатыр

АЛМАТЫ. 23 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жеке тұлғалардың салымдарының 50 пайызы Алматыда. Бұл туралы бүгін Қазақстан полициясы қызметкерлерінің төл мерекесін  атап өтуге арналған салтанатты жиында айтылды.

«Алматы жан басына шаққан кірісі жағынан Қазақстан ғана емес, күллі Орталық Азияда ең алдыңғы орында келе жатыр. Мұнда ірі банктер мен қаржы ұйымдары шоғырланған. Аса үлкен қаржы ағыны өтеді. Мәселен   жеке тұлғалардың салымдары 3,6 триллион теңге. Бұл республикадағы жеке тұлғалардың жалпы салымының 50 пайызы. Банк карточкалары опрацияларының 40 пайыздан астамы және валюта айырбастау орындары арқылы нақты ақшаға айланысты операциялардың 50 пайыздан астамы Алматыда жасалады. Бұл бізді қуантады және  қаланың  мәртебесін көрсетеді», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов. А. Смағұлұлының айтуынша, дегенмен мұның  екінші жағы да бар. Қазақстанның қаржылық, экономикалық орталығы саналатын Алматының жоғары көрсеткіші алыс-жақын шет елдегі қылмыстық жолмен пайда табуды көздеушілерді де өзіне  еріксіз тартуда. Сондықтан түрлі деңгейдегі ұрлық, тонау, қарақшылық шабуыл жасау фактілері орын алуда. Қаланың бұдан ары қарыштап дамып, халықтың өмір сүру деңгейі  көтерілу үшін қоғамдық тәртіпті сақтаудың жаңа әдістері жасалып, оған жалпы жұртшылықты тарту керек.