Алматы жасақталған қазақтың 100-жеке атқыштар бригадасының құрылғанына 70 жыл толды

АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда 28 панфиловшылар саябағындағы 100-қазақтың жеке атқыштар бригадасы жауынгерлерін еске алу үшін қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоғын қою рәсімі өтті.

«Нұр Отан» ХДП-ның Алматы қалалық филиалы төрағасының 1-орынбасары Махамбет Бейдәліұлының айтуынша, 70 жыл бұрын Алматыда жасақталған 100-қазақтың жеке атқыштар бригадасы ерліктің үлкен үлгісін көрсетті. Ұлы Жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан майдангерлердің қаһармандығын жас ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Бейбіт өмірді орнатып, тәуелсіздікті жақындатқан соғыс және еңбек ардагерлерінің даңқты жолы жастарға әрдайым үлгі-өнеге бола алады.

«100-бригада ерікті қазақ жастарының негізінде 1941 жылы желтоқсанның аяқ шенінде құрылды. Бұрынғы филармония ғимаратында 6 айда жасақталдық. Дені ауылдан келген қазақ жастарының көпшілігі орыс тілін білмеді. Одан кейін Мәскеу түбіндегі шағын қалалардың бірінде тағы 3 ай оқытып, соғысқа желтоқсанда Бабушкино қаласынан Ржев майданына дейін жаяу бардық. Онда біз майдангерлеріміздің 80 пайызына жуығынан айрылдық», - дейді ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары, соғыс және еңбек ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев. С. Сүлейменұлының айтуынша, қазір Алматыда 100-қазақтың жеке атқытштар бригадасының құрамында болған ардагерлерден 9 адам ғана қалды. Олардың өз аяғымен жүріп-тұруға шамасы барларының бәрі бүгін қарулас достарының аруағына тағзым ету үшін бұл шараға арнайы келіп отыр.