Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Алматы жастары 3.0» тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін адамдар санаттарының тізіміне 35 жасқа дейінгі полиция қызметкерлері де енген.
«Қазіргі таңда ПД қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері «Алматы жастары 3.0» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға 707 өтініш берді. 587 өтініш беруші банкке төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама алды. Жалпы, осы кезеңде аталған бағдарлама бойынша 105 полиция қызметкері пәтерге ие болды. Осы тұрғын үй бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметкерлерге 1 мың тұрғын үй несиесі бөлінді, оның 170-і полиция қызметкерлеріне», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдуәли Нашарбеков.
Сонымен қатар, ол полицияда 2021 жылғы 1 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік, өнеркәсіп аймақтары, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының күшіне енгенін атап өтті.
Заң полиция қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа жүйесіне көшуді және ай сайынғы тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыруды көздейді. Қызметкерлердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғын үй меншігіне ие болу құқығы бір рет жүзеге асырылады. Тұрғын үй жәрдемақылары мақсатты жұмсалады.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 05.08.2021 жылғы №524 қаулысы негізінде тұрғын үй төлемдерін алуға үміткер Алматы қаласы ПД қызметкері мен «Отбасы банкі» АҚ арасында үш жақты келісім шарт жасалынады. Содан кейін арнайы шот ашылады. Дайындық науқаны барысында аталған банк өкілдері жеке құраммен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қадамдық алгоритмді әзірлей отырып, қаржы секторының кеңесшілері құжаттарды жинау тәртібін оңайлатты және біздің қызметкерлермен тұрақты түрде тығыз байланыста болды, бұл үшін оларға ерекше алғыс білдіремін», – деді полиция өкілі.