Алматы жатақханаларында әлі 12 мыңға жуық орын тапшы – Саясат Нұрбек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл жатақхана тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл қолымыздан келгенше дайындық жасадық. Астана, Алматы, Шымкент қаласынан арнайы резерв жасақталды. Яғни, далада қалып қойған балалар үшін 50-60 шақты төсек-орын дайындап қойдық. Алматы қаласында ахуалдық орталық аштық, арнайы байланыс нөмірлерін таратып жатырмыз. Әр университеттің негізінде ахуалдық орталықтар ашылды. Жалпы, ең көп тапшылық Алматы қаласында. Ал, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары мен орталық өңірлерде орын жеткілікті. Биыл бұл мәселе толық шешілді деп айтуға болмайды. Дегенмен дайындық жақсы болды», - деп жауап берді Саясат Нұрбек БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ведомство басшысы жыл соңына дейін 12 мың төсек-орынға арналған жатақханалар салынатынын айтты. Саясат Нұрбек келтірген болжамға сай, елдегі жатақхана тапшылығы мәселесі алдағы 2-3 жылда шешімін табады.

«Қазір Алматы қаласында әлі 12 мыңға жуық орын тапшылық бар. Олардың орнын қонақ үй, хостелдермен қосымша келісімшарт жасасу арқылы жабамыз», - деді Саясат Нұрбек.