Алматы жол полициясы құжаты жоқ қоғамдық көлік жүргізушісін құрықтады

АЛМАТЫ. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қалалық ІІД жүргізу құжатынан айырылған автобус жүргізушісін ұстады,

деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.

Осыдан 2 ай бұрын 43 жасар 95-ші қоғамдық көліктің жүргізушісі мас күйінде көлік айдағаны үшін сот шешімімен құжатынан айырылған болатын. Өз қызметін құпия жалғастырмақ болған жүргізуші өзіне көлік құжатын алмастыратын жасанды талон жасап алған болып шықты.

«Құжаттың қолмен жасалғандығы күмән туғызбайды. Біздің қызметкерлердің тексеріс жүргізуі барысында Жандосов пен Алтынсарин көшелерінің қиылысында тұрған көлік күдік туғызған. Полиция автокөлігінің бортында орналасқан арнайы базаның көмегімен біздің қызметкерлер тез арада жүргізушінің құжатынан айырылғанын анықтады. Бұл жағдайда автопарк басшылығы үлкен қателік жіберіп отыр. Сондықтан, қалалық автопарктерге мұндай жағдайды болдырмас үшін қатаң бақылауға көшу керектігін ескерткім келеді», деді Алматы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Сарыбасов. Оның айтуынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен олардың басшылығына қатаң жазалар қолданылатын болады.

Жыл басынан бері осындай тәртіпсіздік салдарынан 16 қоғамдық көлік өкілдері тіркеліп, оларға 500 мың теңге көлемінде әкімшілік салық салынған. Ал бұл ұсталған жүргізушіге әкімшілік салықпен қатар, жасанды құжат үшін қылмыстық іс те қозғалмақ.