Алматы жолдарына қыс кезінде 20 мың тоннаға жуық тұз себіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Мегаполистің коммуналдық қызметі қысқы маусымда көшелерді қардан тазартуға дайын. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Алматы тазалық» кәсіпорнының директоры Әділет Тоқтасынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, қыс кезінде кәсіпорын мамандандырылған 704 техниканы жұмылдырады.

«Қазіргі уақытта 173 құрамалы тазалау машинасының 156-сы (90%) жолдарды қыста күтіп ұстауға арналған қондырмамен алмастырылды. Сонымен қатар, кәсіпорынның 728 жол жұмысшысы, 272 механизатор және 398 жүргізуші тартылады. Жалпы штат саны - 1728 адам. Бұдан бөлек, күзгі-қысқы кезеңге қосалқы мердігерлер есебінен қала көшелеріндегі жапырақтар мен қарды шығару үшін 1000-ға жуық жол жұмысшысы және 200-ге жуық арнайы техника тарту жоспарланған»,- деді ол.

«Алматы тазалық» мекемесінің директоры кәсіпорынның 7 өндірістік және 7 құм базасы бар екенін айтты.

Олар қажетті материалдық-техникалық ресурстармен жабдықталған.

«Көктайғаққа қарсы себу үшін 15 мың тонна тұз және 38 мың тонна сүзгі сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 17 мың тоннаға жуық тұз және 38 мың тонна тұз қалдығы дайындалды. Қосалқы мердігерлер 2124 тонна тұз, 9700 тонна тұз қалдығын әзірлейді»,- деді спикер.

Жыл соңына дейін коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы 669,3 млн теңгеге 17 техника сатып алуды жоспарлап отыр .

«Биыл кәсіпорын есебінен 263,6 млн теңгеге 22 техника сатып алынды. Бұл - трактордың жартылай тіркемесі, битум пеші және тағы басқалары»,- деді Әділет Тоқтасынов.