Алматы жұртшылығы Алғыс айту күнін тойлауда (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы жұртшылығы Алғыс айту күнін тойлауда. Бүгін Достық үйінің маңында жиналған түрлі ұлт өкілдері әннен шашу шашып, мерекелік дастархан жайды.

«Бүгін баршаңызды Елбасы жарлығымен тұңғыш рет тойланғалы отырған Алғыс айту күнімен құттықтаймын. ҚХА құрылған күнімен тұспа тұс келген мереке еліміздегі ұлттар достығын одан әрі күшейтетініне сеніміміз кәміл. Бүгінгі Алғыс күні Елбасы Жарлығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен, тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударған ұлттардың ұрпақтарының бауырлас халыққа, туған елге, туған жерге деген тағзым күні деп есептейміз. Халқымызда «алтын алма, алғыс ал» деген аталы сөз бар. Дәл осы концепцияға негізделген Елбасы саясатының арқасында үлкен міндеттердің үдесінен шығып, болашақта Отанымыз Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан табыларына сенімдімін», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Келушілер республикалық және Алматы қалалық этномәдени бірлестіктердің көрмесін, Алматы қаласы ЭМБ-дің дайындаған «Бір ел бір отбасы» сурет көрмесін, ұлттық бірлік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім тақырыбында көркем туындылар байқауына қатысушылардың суреттер көрмесін тамашалады.

Жиналған адамдар мерекелік дастарханнан дәм татты. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілді.

1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды және 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынды.