Алматы жұртшылығы көрнекті ғалым-құқықтанушы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Ғайрат Сапарғалиевты соңғы сапарға шығарып салды

Ы. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда көрнекті ғалым-құқықтанушы, ҚР ҰҒА академигі, профессор, ҚР еңбек сіңірген заңгері, Қазақстан прокуратурасының еңбек сінірген қызметкері Ғайрат Сапарғалиевпен қошасу рәсімі өтті. Қоштасу шарасына ғалымның әріптестері, шәкірттері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қала жұртшылығы қатысты.

Шара барысында Елбасының көңіл айту хатын ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берді. «Ғайрат Сапарғалиев Қазақстан мемлекетінің құрылуы жолында жүрген азаматтардың бірі. Ол Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңының жасалуына, отандық заң ғылымының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның өмірден өтуіне байланысты менің шын жүректен көңіл айтуымды қабыл алыңыздар» делінген жеделхатта. Өз кезегінде ҚР ҰҒА Президенті, академик Мұрат Жұрынов отандық заң ғылымының орны толмас ауыр қайғыға душар болғанын атап өтті. «Ғайрат Сапарғалиев ғылымға шын берілген тұлға еді. Оның жетекшілігімен 6 докторлық, 40 кандидаттық диссертация қорғалды. 60-тан астам монографияның, көптеген кітаптар мен еңбектердің авторы. Ол артына шәкірттерінің үлкен шоғырын қалдырды» деді М.Жұрынов.

Ғайрат Сапарғалиев 1930 жылғы 26 маусымда Семей қаласында дүниеге келген. 1952 жылы Саратов заң институтын, 1955 жылы КСРО Ғылым академиясы Құқық институтының аспирантурасын бітірген. 1967 жылы "Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысына қарсы патша үкіметінің жазалау саясаты" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1989), академигі (2003) болып сайланды. 1955-1992 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында философия және құқық институтының ғалым-хатшысы, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары болып қызмет істеді. 1992-2000 жылдарда Алматы мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы, Қазақстан Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының директоры, Қазақ гуманитарлық заң академиясының Мемлекет және құқық институтының директоры. Соңғы жылдарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекет және құқық институтының директоры болып қызмет істеді. ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болды. Көрнекті тұлға жақында 80-ге толған мерейтойын атап өткен еді.Марқұм Кеңсай зиратына жерленді.