Оған марқұмның әріптестері, замандастары, үзеңгілес іні-қарындастары және өзге де қала тұрғындары мен қонақтары жиналды.
«Ағамызды соңғы сапарға шығарып салуға Елбасымыз ерекше көңіл бөліп, Үкіметке тапсырмалар берді. Қазақстанның барлық өңірлері ағамыздың қазасына қайғырып көңіл айтып жатыр. Солардың алғашқысы болып Нұрсұлтан Назарбаев ағамыздың отбасына көңіл айтып, жедел хатын жолдады», - дейді Елбасының жеделхатын жиналған жұртшылыққа оқып берген ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед. Онда ҚР Президенті: «Мақтай Рамазанұлы аса жоғары лауазымды қызметтерді зор абыроймен атқарып, өзінің бар білімі мен ұйымдастырушылық дарынын туған елінің иглігіне жұмсады. Министр болып, облыс басқарды. Республикамыздың ең мәртебелі органына депутат болып сайланып, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің президумына басшылық жасады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, көп жыл бойы еліміздегі ардагерлер кеңесінің жұмысына басшылық етті. Қай қызметте де өзін қарапайым, жан жүрегі адал, әр істің көзін білетін беделді тұлға ретінде танытып, халқымыздың шынайы құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Ол кісінің еңбегі мен жарқын дидарын халқымыз ұмытпайды. Марқұмның жаны жанатта, топырағы торқа болсын», - деген жүрекжарды тілегін айтқан.