Алматы жұртшылығы мемлекет және қоғам қайраткері Б.Әшімовті соңғы сапарға аттандырып салды

АЛМАТЫ. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Алматы жұртшылығы Абай атындағы опера және балет театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовты ақтық сапарға шығарып салды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бәйкен Әшімовті соңғы сапарға шығарып салуға қоғамдық және саяси қайраткерлер, депутаттар, ғылым, мәдениет және өнер саласының өкілдері жиналды. Сондай-ақ Б.Әшімовтың туған-туыстарына көңіл білдірген көптеген жеделхаттар кеп жатты.

«Дарынды саясаткер, талантты басқарушы, зейнетке шыққан соң да айтулы, мағыналы оқиғаларға қатысып жүрді. Ол әрқашан да жаңа бастамаларға ұмтылып, Елбасының барлық бастауларын қолдайтын. Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Астанаға ауыстырған кезде барлық ақсақалдардың атынан жаңа елордаға өз батасын берген болатын. Б.Әшімовтың 40 жылдық өмірі осы Алматы қаласымен тығыз байланысты. Ол қала өміріне белсенді атсалысып, әрқашан қамқорлықпен қарайтын. Сонымен қатар қаланың болашағына алаңдаушылық білдіріп, оны дамытуға және өркендеуiне өз тiлектерiн әрдайым айтып жүретін», дейді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов.

Сондай-ақ қоштасу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов пен марқұмның туыстары сөз сөйледі.

Бәйкен Әшімов «Кеңсай-1» бейітіне жерленді.