Алматы жұртшылығы танымал тележурналист Дүкеш Бәйімбетовты соңғы сапарға шығарып салды

АЛМАТЫ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда телевизияның белгілі майталман шебері, телевидениенің ардагері, «Алтын дауыс» атанған телевидение қайраткері Дүкеш Бәйімбетовты соңғы сапарға шығарып салды.

Қазақстан  телерадиокорпорациясында өткен қоштасуға Дүкеш Бәйімбетовтың  туған-туыстары мен достары, әріптестері мен қызметтес болған жолдастары және көптеген шәкірттері қатысты.

 Қаралы жиында Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев: «Қазақстандық журналистиканың жұлдызы сөнді, дегенмен оның артында мыңдаған шәкірттері, өшпес еңбектері  қалды. Дүкеш Әлиұлы «үлкен жүректі» адам болған еді, ол саналы ғұмырын телевидениеге арнап, осы сала мамандарын дайындауға үлкен үлес қосты. Шеберлігі мен білімін жас әріптестеріне үйретіп кетті. Мыңдаған мамандар ол кісіні ұстаз санайды. Бүгінде көптеген журналистер   Дүкеш Бәйімбетовтың мектебінен өтті десе болады»,-деп атап өтті.

 Жиын барысында Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл- Мұхамедтің, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің, Астана, Павлодар және т.б облыс әкімдерінен келген көңіл айту жеделхаттары оқылды.

 Дүкеш Әлиұлы кәсіби шеберлігі шыңдалған, өз саласының нағыз шебері болған. Еңбек жолын Ақмола облыстық радиосында бастаған ол кейін сол кездегі Целиноград телеарнасында жүргізушісі болды. Көптеген жылдар Қазақстанның орталық телевизиясында, «Останкинода» жұмыс істеді. Тілші ретінде Қазақстанның барлық түкпірлерінде болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік сапарлары туралы репортаждар жасап, әлемнің 30-дан астам елін аралап шықты. Өзінің кәсіби жолы туралы «Что осталось за кадром» және «В кадре и за кадром» атты екі кітап шығарды.