Зообақтың таратқан мәліметіне қарағанда алғашқы аққұтандар өткен жылдың соңында ұшып келе бастаған.
«Жабайы аққұтандар осында қыстап шығу үшін ұшып келген сияқты. Қайдан келгені белгісіз. Олар ешкімге кедергі жасамайды, өздерімен өздері тіршілік етіп жүр. Басқа құстармен араласпайды. Үлкен-үлкен шеңбер жасап ұшады, бір әуіттен екіншісіне ұшып-қонып жүр. Басқа құстардың жеміне тиіспейді. Балық аулап, сонымен қоректенеді. Түнде де олар зообақта қонатын секілді. Ал күндіз ұшып келіп-кетіп жүреді. Адамдарды жанына жолатпайды. Өте тыныш» дейді Алматы зообағының фотографы Михаил Сорокоумов.
Зообақтың мәліметінше, бұл аққұтандар - жабайы құстар.
«2012 жылы осыған ұқсас жағдай болған. Ол кезде де бір жұп аққұтан ұшып келді. Біреуі жаралы екен. Көп ұзамай ол мерт болды. Ал екіншісі арада біраз уақыт өткенде көзден ғайып болды. Бірақ күзде қайтып оралды. Суық түскенде ғана біржола ұшып кетті» дейді Михаил Сорокоумов.
Бүгінде зообақта құтанның екі түрі мекендеп жатыр. Оның біреуі - мысырлық аққұтан, екіншісі - сұр құтан.