Алматы зообағында шимпанзе мерекесі аталып өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда хайуанаттар бағында шимпанзе мерекесіне жүздеген адам жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы зообағында Паша мен Томирис атты шимпанзе жұбы өмір сүреді.

Екі жастағы Томирис осы жерде туып-өскен. Ал Пашаны осыдан екі жыл бұрын Қазандағы зообақтан әкелген.

«Бұл адамға ұқсас маймылдар келушілерді өзіне тартады. Бүгін тіпті бұған үлкен себеп бар. Халықаралық стандартқа сай етіп көлемді тор жасадық. Тек олар үшін ғана емес, басқа да маймыл түрлеріне арнап жасалды. Торды Александр Лаврентьев бірнеше апта бойы дайындады. Ол «қожайындардың» талғамын есепке ала отырып, бұған шығармашылық тұрғыдан күш салды. Бүгінгі мереке шимпанзе секциясы жұмыстарының аяқталуымен тұспа-тұс келіп отыр»,-дейді зообақ директорының орынбасары Дана Шүлембева.

Тордағы шимпанзе мерекесіне зообақ қызметкерлері мен қалың көпшілік жиналды. Оларға арнап дастархан жайылды.

Паша үшін ыстық күнде жеміс-жидек балмұздағы мен шырын таптырмас тәттіге саналды.

Ал Томирис азық-түлік салынған себетті көтерген күйі келушілердің сүйіпеншілігіне бөленді.