Алматы зообағында жануарларды қоректендіру жүйесін жақсарту қолға алынды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағында мамандар жануарларды қалай қоректендіру керектігін айтып берді. Семинарды өткізу «жануарлар үнемі аш жүреді» деп қауесет таратқандарға жауап ретінде ұйымдастырылды.

Зообақтың ғылыми әдістемелік бөлімінің басшысы Константин Плаховтың айтуынша, хайуанаттар бағында жануарларды семірту басты мақсат емес. Қазіргі олардың қоректенуі қалыпты физиологиялық жағдайына сай келеді әрі ғылыми тұрғыдан көзделген рацион бойынша беріледі.

«Жабайы табиғат аясында жыртқыштар етті терісімен, ішкі органдарымен жейді. Таулы аймақтарда тұз жеткіліксіз, шөлді аймақта тұз көп. Англиядағы зообақтардың бірі маймылдарды бананмен қоректендіруден бас тартты. Олардың анықтағанындай, адам жейтін банан мен маймыл жейтін бананның арасында айырмашылық көп екен. Табиғатта көптеген хайуандар түнгі уақытта азық тауып, өмір сүреді. Біз оларды күндіз қоректендіріп, биологиялық ырғағын бұзамыз. Сондай-ақ, Алматы облысының су құрамын да зерттеу керек», - деді Константин Плахов.