Алматы зообағының қоңыр аюлары жаңа баспанаға көшеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағының басшылары ескі тот басқан торларды жоюға көшті. Демеушілер енді Тян-Шань қара аюы мен Гималай аюларына жаңа вольер салып бермек. Бұл жаңалықпен зообақ директоры Ержан Еркінбаев Инстаграмдағы парақшасында бөлісті.

Бұған дейін Алькор есімді ақ аюға және бірнеше мүйізтұмсыққа демеушілер жаңа қоршау жасап берген еді.

«Контраст көзге ұрып тұр. Ақ аю заманауи үйде тұрады. Ал басқа маймақ аяқ жануарлар тот басқан темірлердің ішінде тұра ма? Бұл туралы көп адамдар жазды. Қуаныштысы, тағы екі адам қоңыр аюлардың жағдайын жасап беруге келісті. Жақында құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Алматы зообағы ескі торларды жоюға барын салады», - деді зообақ директоры.

Оның айтуынша, қазір жолбарыстың мекені де күрделі жөндеуден өткен.

Сондай-ақ, қара қабыланның баспанасын жөндеу жоспарда бар.