Спикердің сөзінше, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекет мүлкіне борышкерлердің ақшалай қаражатын тәркілеу есебінен 1 201 300 млн астам АҚШ доллары, сондай-ақ 155 544 502 млн теңге өтелді. «Жоғарыда аталған қаржыға қосымша 9 көлік, 4 пәтер түріндегі жылжымайтын мүлік, тұрақ түріндегі 2 жылжымайтын мүлік, 50,3 млн теңгеге халық тұтынатын тауарлар, басқа да заттай айғақтар мемлекет кірісіне өткізілді (алтын бұйымдар, оргтехника және тағы басқалары)», - деді деді Алматы қаласы Әділет департаментінің мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру жөніндегі аумақтық бөлім филиалының басшысы Шыңғыс Закешов.
Сонымен қатар ол мүлікті тәркілеуді сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізу шеңберінде қылмыстық істер жөніндегі сот үкімі негізінде,сондай-ақ әкімшілік істер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сот қаулысы негізінде жүзеге асыратынын атап өтті.
«Тәркілеу тек қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстық жолмен алынған қаражатқа алынған мүлікке ғана қолданылады. Тәркіленуге жататын мүлік үкімнің қарар бөлігінде нақты айтылуы тиіс. Егер іс бойынша мүліктің пайда болуының қылмыстық сипаты туралы мәліметтер болмаса не мүлік мүлде белгіленбесе, мүлікті тәркілеу, оның ішінде қылмыстық кодекстің осы қосымша жаза түрін міндетті түрде тағайындауды көздейтін ерекше бөлігінің баптары бойынша тағайындалмайды», - деді Алматы қаласы Әділет департаментінің өкілі.
Оның айтуынша, тәркіленуге жататын мүліктің орналасқан жері анықталған кезде сот орындаушысы уәкілетті органға атқару құжатында көрсетілген тәркіленген мүлікті қабылдау қажеттігі туралы хабарлама жібереді.