Алматыда 1 Мамыр күні «Мақсат бірлігі- рух бірлігі» ұранымен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шеру өтеді
Оған этномәдени орталықтардың өкілдері, шығармашылық ұйымдар қатысады. Мерекені тамашалауға келген жұрт Ұлттық асхана фестивалінен дәм атып, қолданбалы өнердің көрмесін тамашалайды.
Мерекелік шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, мәслихат депутаттары, қаланың құрметті азаматтары, жалпы қала жұрты қатысады.
Халық шеруі сағат 10.45-те Төле би және Байтұрсынов көшелерінің бұрышынан басталып, «Астана» алаңында (Төле би мен Панфилов көш. қиылысы) аяқталады. Колоннаны аудан әкімдері, қаланың құрметті азаматтары бастайды, жалпы бұл күнгі мерекелік шеруге 500-ден аса байкер, велобайкер, спортшылар, үрлемелі аспаптар оркестрлері, этномәдени орталықтардың өкілдері қатысады.
Шеру этномәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтетін концертке ұласады. «Ұлттық асхана» фестиваліне қаланың үздік ұлттық мейрамханалары қатысады.