Алматыда 1 миллион 371 мың ағаш бар

АЛМАТЫ. 25 маусым. ҚазАқпарат - Кейбіреулер бізді бюджет қаржысына еріккеннен ағаш кесіп жүр деп ойлап жүрген сияқты. Оны  қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін бұқаралық ақпарат  құралдары өкілдерімен кездескен кезде  айтты.

«Алматыда 20 жыл бойы ескі ағаштарды кесу жұмысы жүргізілген жоқ. Былтыр қатты боран кезінде ғимаратқа, көлікке және тағы басқа жерлерге 70-ке жуық ағаш құлап, жыл соңында оның саны 100-ден асты. Ал биыл 5 айдағы құлаған ағаштар 20-ны құрап отыр. Жалпы қаладағы кесілетін  ескі және ауру ағаштардың саны 40 мың болатын. Осы уақытқа дейін оның 22 мыңы жойылды. Биыл және келесі жылы енді қалған  18 мыңы кесіледі», - деді А. Есімов. Қала әкімінің айтуынша, олардың орнына 3 жылда жалпы саны 59 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Олар  қазіргі заманғы қалалық үлгідегі ағаштар.  Жапырағы аз және жыл бойы көбірек көгеріп тұрады. Оны отырғызу жергілікті бюджет есебінен және ұйымдардан өтемақы ретінде отырғызады, сондай-ақ кәсіпорындар мен жеке тұлғалар есебінен жүзеге асырылуда.  Жалпы көпір, айналма жол салу және тағы басқа да  жаңа құрылыс жұмысы кезінде мәжбүрліктен кесілетін ағаштардың әр түбіне өтемақы ретінде ұйымдарға 2 ағаш отырғызу міндеттелген.