Алматыда 10 мыңнан астам бала емізетін ана вакцина салдырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда бір тәулікте 3 849 тұрғын коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«8 ақпан күні 3 849 алматылық вакцина салдырды. Екпе алғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Өткен жылдың 1 ақпаны мен биылғы жылдың 8 ақпаны аралығында қалада 1 077 597 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 1 040 328 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 124 257 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.

Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 46 900 адам салдырды. Оның ішінде 2 411 жүкті әйел, 10 304 бала емізетін ана және 34 185 жасөспірім бар.

Ревакцинациядан 192 207 алматылық өтті.

«Бүгінгі таңда қалада медициналық ұйымдарда 119 вакцинация пункті жұмыс істейді. 140 вакцинация бригадасында 520 медицина қызметкері жұмылдырылды» - деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.