Алматыда 10 заманауи полиция бекеті ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы қаласында салынып жатқан тұрғын үйлердің базасында 10 жаңа заманауи полиция бекеті ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның онлайн брифингінде осындай мәлімет айтты.

«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен тұрғын массив пен қала аумағының кеңеюіне, халықтың көбеюіне байланысты 10 заманауи учаскелік полиция бекетін салу жоспарланып отыр. Бұл бекеттер бүкіл халықаралық стандарт талаптарына сай болады», - деді ол.

Айтуынша, аталмыш жоба әлеуметтік жауапкершілік аясында іске аспақ.

«Құрылыс компаниясымен жасалған келісім бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерден учаскелік полиция бекетіне үй-жай ұсынылады. Құрылыс компаниясы үй-жайды әрлеуді, қажетті жиһазбен жабдықтауды мойнына алады. Аулалар мен кіреберістердегі, полиция бекетінің қарауына жататын аумақтағы камералардың бәрі осы полиция бекетіне жалғанады. Үй-жай полицияның пайдалануына уақытша беріледі. Жаңа полиция бекеттерін ашу тұрғын үй кешендеріндегі халықты қажетті учаскелік полиция қызметкерлерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Полицияның жаңа учаскелік бекеттері «Теремки», «City Plus», «Alma city 5» және «City Park» тұрғын үй кешендерінен ашылмақ.