Алматыда 10 жыл үзілістен кейін жаңа «Қылмыстық құқық» оқулығы жарық көрді

АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Әл- Фараби атындағы ұлттық университеттің заң факультетінде «Қылмыстық құқық» деп аталатын жаңа оқулықтың тұсаукесері өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Республикада «Қылмыстық құқық» оқулығын бұған дейін 10 жыл бұрын шығарған болатынбыз. Бұл еңбектің басты ерекшелігі қоғамдық форматтың өзгеруіне байланысты жаңа қылмыстың түрлеріне талдау жасалып отыр», дейді заң ғылымының докторы, профессор Есберген Алауханов. Онда қылмыстық құқықтың жалпы теориялары, оның принциптері мен қылмыс пен жаза туралы ұғымдарға ғылыми анықтама берілген. Жазаға тарту мен одан босату, қылмысты анықтау мен одан арылу тәжірибесі баяндалады. Қылмыс жасаушыларды мәжбүрлеп емдеу, жасөспірімдерді тәрбиелеу шаралары сөз болады. Онда сондай-ақ, қылмыстық заңдарға соңғы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Бұл кітапқа пікір жазғандар ҚР Ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының докторы Е. Қайыржанов пен заң ғылымының докторы, Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің ректоры Н. Дулатбеков. ҚР ҰҒА академигі Салық Зимановтың айтуынша, студенттерді тек оқулықпен ғана оқытуға болмайды. Оқулық оларды тек ізденуге бағыттап, ой-өрісін кеңейту үшін керек. Профессор Есберген Оразұлы осы үдеден табылып жүрген ғалым, ұстаз және үлкен ұйымдастырушы. Оны Е. Алаухановтың шығармашылық қызметіне көз жүгірткен кезде айқын аңғаруға болады. Е. Алауханов қазір ҚазҰУ заң факультетінің «Сот билігі және қылмыстық іс-жүргізу» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Оның жетекшілігімен 10-нан астам кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалып, 20-дан астам ізденушілер ғылыми жұмыстармен айналысуда. ҚР Жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі, ҚР «Мәдениет қайраткері», ұстаз-ғалымның 300-ден астам ғылыми жұмыстары бар, оның 20-дан астамы монографиялар мен оқулықтар.