Алматыда «100 нақты қадам - Халықтық реформалар» атты ғылыми-практикалық конференциясы басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «100 нақты қадам - Халықтық реформалар» атты ғылыми-практикалық конференция басталды.

Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Алтангерел Мунхтуя, сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжіліінің депутаттары, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді жан-жақты жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берді. Бүгінгі конференцияның тақырыбы ел дамуындағы осы бір өрелі меже биік мақсаттармен тікелей өзектесіп жатыр. Бес институционалды реформа мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағдарламасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын кезең-кезеңімен нәтижелі іске асырудың тетіктеріне айналуда. Сол себепті, елді жасампаздыққа бастайтын Ұлт жоспары - 100 нақты қадамды іске асыруда ел азаматтарымен қатар, әйелдердің қатысуын одан әрі жандандыру - ұлттық комиссияның негізгі міндеттерінің қатарына енуі тиіс. Бүгінгі конференцияның байырғы білім ордасы - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткізілуі және оған білімді, озық ойлы студент жастардың кеңінен қатысуы - осы мақсатқа қол жеткізуге ұйытқы болады деп сенемін»- деді өзінің алғы сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова.

Маңызды да ауқымды конференцияның пленарлық жиынында 15-тен аса баяндама жасалды. Сонымен қатар, бүгінгі жиында бес институционалдық реформаның іс-жоспарын сапалы іске асыру, адами капиталды дамыту және кәсіпкер әйелдердің Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясындағы инновациялық жобаларына қолдау көрсету және тағы басқа да мәселелер талқыланды.