Алматыда 1000-ға жуық бала ашық спорт алаңдарында тегін жаттығады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1000-ға жуық бала ашық спорт алаңдарында тегін жаттығады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында қалалық Спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, мегаполисте 2400-ден астам ашық спорт алаңдары бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

Алматыда ашық спорт алаңдарында әкімдік тегін жаттығуды ұйымдастырды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 42 жаттықтырушы бір мыңға жуық балаға сабақ береді. Жаттықтырушылар санын тағы да жиырмаға ұлғайту жоспарда.

Сонымен қатар, «Жекпе-жек» спорт түрі алты ауданда ашылды. Онда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (БЖСМ) 14 жаттықтырушысы балаларды спортқа баулуды қолға алды.

«Біз 61 мектепте спорт аймақтарын жаңғырту жұмыстарын жалғастырдық. Футбол алаңдарын, волейбол және баскетбол алаңдарын, воркаут және жүгіру жолдарын салу көзделген. Бүгінде Алматы мектептерінің спорт залдарымен және спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілу көрсеткіші 100% және еліміздегі ең үздік болып табылады», - деп хабарлады Спорт басқармасының басшысы.

Балалар-жасөспірімдер мектептеріндегі спорттық инвентарьды модернизациялау және таяудағы үш жылда толыққанды жаттығу процесі үшін қолда бар инфрақұрылымды жөндеу жоспарлануда. Соның ішінде жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимараты мен Орталық стадионның қосалқы алаңын жөнделетін болады.