Алматыда 12 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Алмалы ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқандығы туралы онлайн брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары Ерден Хайруллин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы әлеуметтік тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығын дамыту және аумақтарды абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен қосымша жұмыс орындарын құруға, жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуге бағытталған шаралар кешенін айқындайды.

Алмалы ауданы бойынша жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге 12 жоба іске қосылды. Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде 1 412 жұмыс орны құрылды, оның ішінде Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығынан 789 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасын іске асыру кезінде тауарларды қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алуға ерекше назар аударылды, қазақстандық қамту үлесі 90% немесе 2,5 млрд теңгеден асады. Оның ішінде импорт үлесі 10% немесе 300 млн теңгені құрайды»,– деді ЕрденХайруллин.

Іске асырылған жобалар арасында:

- Мақатаев атындағы саябақты абаттандыру;

- «Махаббат» саябағын абаттандыру;

- «Гагарин» атындағы бульварды абаттандыру;

- Молдағұлова көшесін абаттандыру;

- 0,6 шақырым арық желілерін және 21 өткелге ағымдағы жөндеу;

- №12, 21, 43 бөбекжайларға ағымдағы жөндеу;

- Чайковский көшесін абаттандыру.