Алматыда 12 мыңға жуық түлек үшін соңғы қоңырау соғылды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл 12 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді. Бүгінгі таңда мегаполисте 287 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 207 - мемлекеттік және 80 - жекеменшік. 2021-2022 оқу жылында 1-ден 11-сыныпқа дейін білім алған оқушылар саны - 300 мыңға жуық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алатау ауданының №180 жалпы білім беретін мектебінің түлектеріне арналған мерекелік шара ашық аспан астында өтті. Оқушыларды құттықтауға мұғалімдер, ата-аналар мен бірінші сынып оқушылары келді. Мектеп директоры Ләззат Дәулетбек түлектерге арнаған құттықтау сөзінде мектеп бітіру – жаңа, қызықты, үлкен өмірдің бастауы екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бұл жыл - болашақ ұрпақ үшін ең жақсы жағдайға қол жеткізу жөніндегі мемлекеттік саясаттың жалғасы, Жаңа Қазақстан құрылысы жағдайында ерекше маңызға ие. Бүгінгі күн түлектер үшін қайталанбас, маңызды да мәнді, тебіреніске толы күн. Құрметті ата-аналар, оқушылар, мұғалімдер! Сіздерді оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын. Біздің түлектерге тек жақсылық, барлық бастамаларында сәттілік пен ақ жол тілеймін», - деді Ләззат Дәулетбек.

Айтуынша, 2021-2022 жыл мектеп үшін жемісті жыл болды. Оқушылар аудандық сайыстарда - 115, қалалық - 95, республикалық - 54 жүлделі орынға ие болды.

«Мектеп оқушыларын заманауи форматта сапалы оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Жаңартылған кітапхана, дәліз, спорт алаңдары қолданысқа берілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында турникеттік жүйе іске қосылды. «Жасыл мектеп» жобасы аясында мектеп жылыжайы салынды», - деді мектеп директоры.

Биылғы оқу жылын №180 мектепте 3856 оқушы аяқтады. Ал, бүгін 112 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды.

«Бүгін мен толқып тұрмын. Ұстаздарыма берген білімдері үшін зор алғысымды айтамын. Мен IT мамандығы бойынша оқуға түскім келеді. Жақын уақытта маған Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру керек. Грантқа түсемін деген үмітім бар», - деді мектеп түлегі Ғазиз Сүлеймен.

Мектеп бітірушілердің өз мұғалімдері мен ата-аналарына алғыс айту үшін дайындалған қойылымдары әсерлі болды. Мекеме ұжымы мен он бірінші сынып оқушыларының ата-аналары балаларға сәт сапар тілеп, жылы сөздерін арнады.

«Бұл мектепте ашылғаннан бері оқыдым. Бүгін біз үшін қуанатын әрі мұңаятын күн. Біз мектеппен қоштасамыз. Ұстаздарыма зор еңбек пен шыдамдылықтары үшін алғыс айтқым келеді. Оларға мықты денсаулық, сәттілік тілеймін. Біздің түлектер өздері қалаған оқу орындарына түссін», - деді жас түлек Алуа Жолдасбек.

Іс-шара соңында түлектер әдемі қоштасу вальсін билеп, жиналғандарға қуаныш сыйлады.

Еске салайық, Білім және ғылым министрлігі биыл 170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасатынын, оның 8 мыңнан астамы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер екенін хабарлаған болатын.


Соңғы жаңалықтар