Алматыда 13 мыңға жуық бала емізетін әйел Pfizer вакцинасын салдырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда бір тәулік ішінде 1 780 адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Оның ішінде 1-компонентін 575 адам, 2-компонентін 1 205 адам салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың 1 ақпаны мен биылғы жылдың 14 наурызы аралығында қалада 1 150 685 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 1 113 505 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде жасы 60-тан асқан адамдардың саны 125 046», - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда Pfizer вакцинасын 58 947 адам салдырды. Оның ішінде 3 364 жүкті әйел, 12 928 бала емізетін ана және 42 545 жасөспірім бар.

280 995 қала тұрғыны ревакцинациядан өтті.

«Бүгінгі таңда қалада медицина мекемелерінде 137 вакцинация пункті жұмыс істейді. 175 вакцинация бригадасында 555 медицина қызметкері жұмылдырылды» - деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.