Алматыда 15 мыңға жуық жасөспірім Pfizer вакцинасын алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 4022 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

« 9 желтоқсан күні 4022 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 2 082, II компонентін – 1940 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 9 желтоқсан аралығында қалада 1 033 048 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 990 908 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 122 743 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.

Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 20329 адам салдырды. Оның ішінде 1207 жүкті әйел, 4152 бала емізетін ана және 14970 жасөспірім бар.

Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 756 адамнан тұратын 201 егу бригадасы бар.

«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.