Алматыда 15 жыл бойы қашып жүрген қылмыскер ұсталды

АЛМАТЫ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда құқық қорғау органдарынан 15 жыл бойы қашып жүрген қылмыскер қолға түсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің сөзіне қарағанда ұсталған 42 жасар С. мен сыбайластары 15 жыл бұрын Алматы мен Алматы облысында қарақшылық шабуыл жасап, үйлер мен көшедегі адамдарды тонаумен айналысқан. 2 жыл ішінде олар 14 қарақшылық шабуыл жасап, жәбірленушілердің ірі көлемдегі мүліктерін иемденген. Бұған дейін бұл топтың 5 мүшесі ұсталып, сотталған еді. Ал енді ұсталған С. ол кезде қашып кеткен. 15 жыл бойы қашып жүрген қылмыскер «Қарасу» шағын ауданындағы жедел-іздестіру шарасы барысында қолға түскен. Қылмыскердің сөзіне қарағанда ол соңғы уақытта іздестіру тоқтатылды деген сеніммен жүрген. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалып, қылмыстық іс қозғалды.