Оның айтуынша, аудандағы мониторинг тобы адамдар көп жиналатын нысандарда карантин шаралары қалай жүргізіліп жатқанын қатаң бақылауда. Тек 8 қарашадан бері 384 нысанды тексеріп үлгерген. Нәтижесінде 57 нысанның карантин ережелерін бұзғаны анықталған. Ол бойынша 7 хаттама толтырылып, 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Оның ішінде 6 жағдай маска тағу режимін бұзу бойынша тіркелген.
«Қазір аудандағы мониторинг топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.Сондай-ақ оның қатарында қоғам белсенділері мен Jas Otan-дықтар, волонтерлер бар. Олар өткен түнде 59 нысанды тексерді. Тексеріс кезінде 51 нысан жабық болған, ал 8-інде заңбұзушылық тіркелді. Мейрамхана, компьютерлік клуб сияқты 5 нысанның жұмысы бірден тоқтатылып, келушілер шығарылды. Сонымен қатар, келушілер саны 50 пайыздан асып кеткен сауна тіркелді. Бұдан бөлек 150 адам жиналып, қыз ұзату жасап жатқан «Хан сарайы» мейрамханасының жұмысы тоқтатылды», - деді Жанар Сәдуақасова.