Алматыда 1600 тұрғын емхана ауыстырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Емханға тіркеу науқанының алғашқы үш аптасында 1600 алматылық емхана ауыстырды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, емхана ауыстырушылардың саны жыл сайын азайып отырғаны байқалады. Яғни, тұрғындардың басым бөлігі тұрғылықты жеріндегі емдеу мекемесінің қызметіне жүгінуді жөн санайды.

«Емханаға тіркеу мәселесінде сақтандыру статусы болуы шарт емес. Пациенттер кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіндегі қызметтерді сақтандырылса да, сақтандырылмаса да пайдалана алады. Атап айтқанда жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Былайша айтқанда, шұғыл көмек еліміздің барлық азаматтарының бәріне бірдей көрсетілуі тиіс. Ол үшін сақтандырылған болу шарт емес», – дейді Тілеухан Әбілдаев.

Сонымен қатар ол Алматы қаласында кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті мен медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде 73 емхана қызмет көрсететінін атап өтті.

«Оның жартысына жуығы – жеке меншік. Яғни, тіркеу науқаны барысында тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік емдеу ұйымдарына да тіркелуге болады. Тек таңдап алынған клиника Медициналық сақтандыру қорының базасына енген болуы шарт. Олардың толық тізімі Қордың fms.kz сайтында орналасқан. Бір ескере кететін мәселе, биылғы науқан кезінде басқа емдеу ұйымына тіркелген тұрғындар таңдаған емхана қызметін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Яғни, жылдың соңына дейін бұрынғы емханаға қаралады»,– деді спикер.