Дәстүрлі түрде жыл сайыны өтетін бұл жарысты ҚР Футбол федерациясы мен «Нұр Отан» ХДП ұйымдастырып отыр. Оған бұл жолы 8 елдің құрамасы қатыспақ. Жарыс қожайындары жеребе бойынша Венгрия, Түрікменстан және Армения футболшыларымен «А» тобында өнер көрсетеді. Ал Түркия, Әзірбайжан, Иран мен Грузия командалары «Б» тобына топтасып отыр.
Турнир Түркия мен Иран құрамалары арасындағы ойынмен басталады. Жарыстың алғашқы күні қазақстандықтар түрікмендермен, келесі күні мажарлармен, ал іріктеу сынының ақтық ойынын 1 мамырда армян аяқдопшылармен өткізеді. Топтық сында үздік шыққандар 3 мамырда жүлделі орындарды, ал өзгелері 4-8 орындарды сарапқа салатын болады.