Алматыда 1700 балаға арналған қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтіп жатыр

АТЫ. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы мемлекеттік циркте 1700 оқушыға арналған Алматы қаласы әкімінің жаңа жылдық мерекелік шыршасы өтті.

Мерекелік шараны қала әкімі Ахметжан Есімов өзінің құттықтау сөзімен ашып, өтіп бара жатқан 2010 жылда атқарылған маңызды істерді атап өтті. "Дағдарысқа қарамастан еліміздің экономикасы дамыды. Ал, экономиканың дамуы көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге жол ашты. Алматының өзінде 20-дан астам балабақша, мектеп, денсаулық, спорт нысандары салынды. Мұның барлығы біздің қоғам өсіп-өнсін, өркениетті болсын, танылған ең күшті мемлекеттердің арасына қосылсын деген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы аясында атқарылды", - дейді А.Есімов. Сонымен қатар ол өтіп бара жатқан 2010 жылға рахметімізді айтып, келе жатқан 2011 жылды жақсы қарсы алу мақсатында көптеген шаралар өткізіліп жатқандығын және оның бірі бүгінгі жаңа жылдық шырша екендігін жеткізді. "Мұның барлығы келешекте жастар жақсы оқып, салауатты өмір салтын қалыптастырып, Отанымызды сүйетін, нағыз мықты азамат болып шығу үшін жасалып отыр", - деп атап өтті өз сөзінде Ахметжан Смағұлұлы.

А.Есімов сондай-ақ алда келе жатқан 7-Қысқы Азия ойындарын өткізуге қаламыз дайын екендігін айтып, Алматыда көптеген спорттық нысандардың салынғандығын жеткізді. "Қысқы Азия ойындары бар болғаны 7 күн ғана болады. Сондықтан жаңадан салынған спорттық кешендер қаламыздың тұрғындарының игілігі үшін салынды", - дейді қала әкімі.

Мерекелік шараға қала мектептеріндегі үздік оқушылар мен ата-анасыз қалған балалар қатысты. Оқушылар шара барысында цирк артістерінің концерттік бағдарламаларын тамашалап қана қоймай, өз өнерлерін де паш етті.