Алматыда 1715 адам вакцина салдырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мегаполисте «Спутник V» вакцинасының бірінші кезеңі бойынша екпе салу аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін, 19 ақпанда 0,5 мл дозада бірінші компоненті бар вакцинаны салу кезеңі аяқталады. Осы уақытқа дейін 1715 адамға екпе салынды, бүгінгі жұмыс күнінің соңына дейін қалғандары алады.Вакцина алу бойынша 55 адамның жағдайына қарай кейінге қалдырылса, 3 адам екпе алудан бас тартты», - деді ол.

Оның айтуынша Қазақстанда вакцина салу еркін түрде жүргізіледі, егер адам дайын болмаса, ол салдырмайды.

«Кейбір қызметкерлерде вакцинаға кері әсер болды. Негізінен мұндай белгілер бір-екі күнде тарқайды. Вакцина адам ағзасына енген соң иммунитет қалыптастырып, ағзаның сыртқы инфекцияға қарсы тұруын оятады. Вакцина алғандарда көбінде бас ауруы, дене қызуы болды», - дейді Лаура Мырзағали.

Жалпы «СҚ-Фармация» Алматы қаласына вакцинаның бірінші кезеңі бойынша 1750 дозасын жеткізді. Ең алдымен вакцина инфекциялық стационарларға, көпбейінді ауруханалардың қабылдау бөлімшелеріне, жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне, реанимация бөлімшесі мен бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына, сондай-ақ санитарлы-эпидемиалогиялық қызметтің медицина қызметкерлеріне салынды.

Сонымен қатар, ол келесі аптадан бастап ревакцина салу басталатынын жеткізді. Екінші вакцинаны салған соң адам 30 минуттай медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Келесі күні ол кісіге қоңырау шалып, оның жағдайын тексереді.