Алматыда 2 құрғақ субұрқақ пайда болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көшелерін реконструкциялау барысында «Астана» алаңында 2 құрғақ субұрқақ пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгін Алматы  әкімі жаяу жүргіншілерге басымдық  беретін бірқатар көшелерді қайта жасау жұмыстарын тексеріп шықты.

Бауыржан Байбек  кезекті жұмыс сапары аясында Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңын қайта жасау барысын қадағалады.

Қайта жасалған көше аумақтарына  кеспе  тастар төселіп,  жасыл желек отырғызылады. Кіші сәулет формалар, спорт инвентарьлары  қойылып, балалар алаңдары жасалады.

Құрылыс жұмыстары барысында жасыл-желек қырқылмайтын болды.

Тар  кеңістікті кеңейту мақсатында биік  ағаштар, қайың, емен, мыңнан астам бұта-шілік  отырғызу қарастырылған.

«Мысалы, «Астана» алаңында көлік қозғалысы жолағы қысқарады. Босаған кеңістіктерге қосымша ағаштар отырғызылады. Екі құрғақ субұрқақ пайда болады. Осылайша, жаяу жүргіншілер мен көлік  легі екіге бөлінеді, автотұрақ аймағы шектеледі. Алаңның солтүстік бөлігіне гранит тастар төселеді», - делінген хабарламада.

Жұмыс қыркүйек айында аяқталады.

Панфилов көшесі Қабанбай батыр көшесінен Жібек жолы  жолы көшесіне дейін тек жаяу жүргіншіге арналады. Оңтүстіктен солтүстікке қарай біржақты көлік қозғалысы  және  арнайы көліктер (жедел жәрдем, өрт сөндіруші) жолағы болуы мүмкін. Яғни, Арбат пен Абай атындағы опера және балет театры алдындағы скверлер жасыл дәліздер арқылы жалғасады.

Атап өтерлік жайт, көшелерді қайта жасау жұмыстары барысында  көне қаланың кеспе тастары табылған. Алматы әкімі архитекторлар мен мердігерлік ұйымдарға көне тастарды сақтауды, олардың кейбірін Панфилов көшесі бойындағы жая жүргінші жолына төсеуді тапсырды. «Осының барлығы сақталуға тиіс, бұлар  біздің сүйікті қаламыздың тарихы» - деді Бауыржан Байбек. 

Гоголь көшесі учаскесінде жеке көліктер қозғалысын екі  жаққа да бірдей тек бір жолақ  арқылы жүргізу қарастырылған. Тек арнайы қуыстарда ғана көлікті қалдыруға болады. Қоғамдық көлікке жолақ бөлінетін болады. Кеңейтілген жаяу жүргінші аймағына  бетонды  плиткалардан тротуарлар жасалады.

Алматы  әкімі жұмыс сапары барысында Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тракты бойындағы жол айрығының құрылысын да тексерді. «Жас отау» неке сарайының қайта жасалуын бақылап, қалада салынып  жатқан «Науаи», «Бастау», «Глория», «Miras Park»,«Dostyk Residence» сынды бірқатар тұрғын кешендерінде болды.

Атап өтерлік жайт, тек соңғы екі нысанда ғана 80 отандық компания мен 6 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Мұндағы қазақстандық қамту үлесі  70 пайыздан асады.