Алматыда 20 мыңға жуық жасөсіпірім Pfizer вакцинасын салдырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 3522 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«23 желтоқсан күні 3522 алматылық вакцина салдырды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 23 желтоқсан аралығында қалада 1 043 094 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 1004 601 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 123 024 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.

Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 26 823 адам салдырды. Оның ішінде 1485 жүкті әйел, 5369 бала емізетін ана және 19969 жасөспірім бар.

Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 756 адамнан тұратын 201 егу бригадасы бар.

«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.