Алматыда 2010-2011 жылыту маусымы басталды

АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қаласы әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Ербол Шормановтың басшылығымен қалалық шарушылықтардың 2010-2011 жылғы жылыту маусымына дайындық Штабы болып өтті.

Отырыста коммуналдық қызмет жағдайы, кәсіпорын, тұрғын үй қоры, білім және денсаулық сақтау орындары мен инженерлік желілердің жылыту маусымына дайындығына баға берілді. Бүгінде тұрғын үй қорының техникалық дайындығы 100 %-дық деңгейді құрап отыр. Алматыда осымен 3-інші жыл қатарынан барлық жылу желілерін алмастыру мен қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Барлық жұмыстарды Алматы энергокомплексі кәсіпорны заманауи қалыпта жүргізіп шықты. Қаланың орталық және батыс бөлігі тұрғындары сапалы жылу энергиясымен және жылу энергиясын жоғалтуды төмендетумен қамтамасыз етілді. Ол үшін қала басшылығы ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын №3 және №13-ші жылу магистральдарын күрделі жөндеуден өткізді. Сонымен бірге, Ғабдуллин көшесі бойымен Байзақов және Әуезов көшелерінің аралығындағы учаскеден басқа барлық 11,8 шақырымдық таратушы жылу желілері де күрделі жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта ол учаскедегі жұмыстар бітуге жақын. Апта аяғына қарай тұтынушылар жылу желісіне қосылғалы отыр.

Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының мәліметінше, биыл Алматыда 28,4 шақырымдық су құбыры және канализациялық желісі жөнделген. Оған қоса, 160 шақырымдық электр желісі күрделі жөндеуден өткен. Қаланың орталық және шығыс бөлігінде жылу энергиясы сұранысын қамтамасыз ету үшін ЖЭО-1 - ЖЭО-2 жалғамалы жылу магистрлінің құрылысы жалғасуда. Мамандардың пікірінше, жылу магистрлінің құрылысы экологиялық жағдайды жақсартатын болады. Осы жылы бұл магистральдің 7,4 шақырымын салу жоспарланған.