Алматыда 2011 жылғы қысқы Азиаданың барлық нысандарын энергиямен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

АЛМАТЫ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың қатысуымен қаланы энергиямен жабдықтау мәселесіне арналған жиналыс өтті.

Оған «Алатау Жарық Компаниясы», «АлЭС» АҚ, «КазТрансГаз-Алматы» АҚ, «Алматы Жылу» МКК, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС сынды компания басшылары да қатысты.

Жиын барысында қала жұртшылығы мен спорт кешендерін, қонақүйлерді және Азиада аясында мәдени шаралар өтетін нысандарды газ, электр қуатымен жылытуды үзіліссіз қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Ахметжан Есімов Азиада қарсаңында мегаполисте барлық даярлық жұмыстары жүргізілетінін және 2015 жылға дейінгі Алматы қаласының энергетикалық нысандарын модернизациялау мен дамыту бағдарламасы аясында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «ҚазҰУ», «Медеу», «Шымбұлақ» және «Ерменсай» сынды 4 жаңа модернизацияланған стансылар пайдалануға берілгендігін баса айтты. Бұл стансылар Азиада нысандарын қуат көзімен тұрақты қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың оңтүстігіндегі тұтынушыларды сапалы энергиямен жабдықтайтын болады.

Соңғы екі жылда Алматыдағы ЖЭО-1, «Орбита» жылу қазандығы мен М3 және М13 ірі жылу магистралі қайта жасақталып, ЖЭО - 2 мен ЖЭО-1-ді жалғағыш магистралдарының құрылысы аяқталған.

2010 жылдың наурыз айында Алматы әкімшілігі мен «КазТрансГаз» АҚ қаладағы энергия тапшылығын төмендету мақсатында Меморандумға қол қойған болатын. Сондай-ақ мегаполисте жеке тұрғын үйлерді газдандыру мен қалалық газ бөлу желiсiнiң бөлiмшелерiн қалпына келтiру жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар қала әкімі 2010 жылдың желтоқсан айында Өзбекстаннан келетін газдың үзілісі тіркелгендігін ескертті. Соған орай Ахметжан Есімов газ, жылу, электр қуатымен жабдықтауда бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге құқық қорғау органдарына ахуалды бақылап, тиiстi қызметтермен бiрлесiп талқылау, апатты жағдайлардың алдын алу үшiн барлық шара қолдану тапсырылды.

Қысқы Азия ойындарын өткізу кезінде қалада уақытша ерекше тәртiп орнату жарияланды.