Алматыда 2011 жылы барлық бала балабақшамен толық қамтылып болады - Ахметжан Есімов
16:02, 22 Желтоқсан 2009
sp;АЛМАТЫ. Желтоқсанның 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда биыл 6 балабақша салынды. Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Алатау ауданының "Шаңырақ-2" ықшам ауданындағы 280 орындық жаңа балабақшаның ашылу рәсімінде айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Әлем Құрылыс" ЖШС мердігерлігімен салынған балабақша нысанының аумағы 4009 шаршы метр. Оған 692 миллион теңге жұмсалды. Қала әкімінің айтуынша, биыл қалада ашылған 6 балабақшаның екеуі Алатау ауданында орналасқан.
"Елбасы 1 ай бұрын халықпен тікелей эфир арқылы сұхбаттасқан кезде балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Бұл тапсырма бойынша бүкіл республикада, оның ішінде Алматыда көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Бүгін 2 балабақша ашып отырмыз. Балабақшаларда бүгінгі таңда 22 мың балаға орын жетіспейді. Сондықтан келесі жылы 10 мың балаға арналған 62 балабақша ашылады. Ал қалған 12 мың орынды 2011 жылы толық шешеміз", дейді Алматы әкімі.