«2015 жылы Алматыға 316 мың 709 шет елдік азамат келді. Олардың басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар, заңсыз мигранттардың көпшілігі базарда сауда жасайды. Бұл жерде қалада жасалатын қылмыстардың 50 пайыздан астамы басқа қаладан келгендердің қолымен жасалатындығын айта кеткен жөн. Дейтұрғанмен, өткен жылы мигранттарға жергілікті жеке тұлғалардың қолында еңбек етулері үшін 15 757 бастапқы рұқсат қағаздар берілді. Ал 6 мың 640 рұқсат қағаз ұзартылды.
«Алматы қаласы үшін миграциялық лек өзекті мәселе болып отыр. Шет елдіктерге жұмыс істеуге берілетін рұқсат қағаздардың артуы және заңсыз еңбек миграциясының өсуіне байланысты бұл сала қатаң бақылауға алынды. Тек өткен жылдың ішінде 37 мыңнан астам шет елдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1 мың 165 адам республика аумағынан шығарылды. Бұл деректер қалада миграциялық бақылауды күшейтуі талап етеді. Қазір осы саладағы күнделікті жұмысқа криминалды және көші-қон полициясы ғана емес, учаскелік полиция қызметкерлері де жұмылдырылған», - деді Алматы қ. ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бүтіншинов.
Алматы қалалық ІІД көші-қон полициясы бөлімдері өткен жылы Ішкі істер департаментінің басқа да қызметтерімен және жергілікті мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтаса отырып, шет елдік азаматтардың келуін бақылау үшін бірқатар кешенді шараларды жүзеге асырды. Осы мақсатта «Құықтық тәртіп», «Мигрант», «Заңсыз мигрант» сынды жедел-алдын алу шаралары орындалды.