Алматыда 2016 жылы бұқаралық спорт түрлерін қаржыландыру 20 есеге артады - Б. Байбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 2016 жылы бұқаралық спорт түрлерін қаржыландыру 20 есеге артады. Бұл туралы бүгін Алматыда футболдан Қазақстанның Премьер-Лигасында екінші орын алған «Қайрат» командасының ойыншыларын біріншіліктің күміс медальдарымен марапаттау рәсімі барысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.

«Алдағы бес жыл мерзімге арналған Алматы қаласын дамыту бағдарламасының жеті басымды бағытының бірі - әлеуметтік бейімделген қала. Алматы - бұл спорт пен туризм және саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың қаласы. Біз 2016 жылдың бюджетінде бұқаралық спорт түрлерін қаржыландыруды 20 есеге ұлғайттық. Бұл, менің ойымша қалада спорт түрлерінің жаппай дамуына серпін береді. Сондай-ақ, кәсіпкерлеріміздің арқасында қаламызда биыл ондаған жаңа футбол алаңдары мен балалар алаңдарының қолданысқа берілгенін айта кеткен жөн», - деді Б. Байбек.

Егер биылғы жылы Алматыда әр түрлі деңгейдегі спорт шараларын ұйымдастыруға 23 млн. теңге бөлінсе, 2016 жылы қаржыландыру көлемі - 500 млн. теңгеден асатын болады.

Айта кетелік, бүгінгі салтанатты марапаттау шарасына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, «Қайрат» клубы Бақылаушылар Кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, «Қайраттың» ардагер ойыншылары, ҚР футбол федерациясының өкілдері, «Қайрат» футбол академиясы тәрбиеленушілерінің ата-аналары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.